22
май
2013
Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздігінің қамтамасыз етілу көрінісі
Қазіргі әлемде орын алып отырған жағдайлар мен ішкі мемлекеттік жағдайлар Қазақстанның қауіпсіздік мәселелеріне басқаша қарауға міндеттейді. Ұлттық қауіпсіздік мәселелері сыртқы саясат, қорғаныс, саяси тұрақтылық сұрақтары, әлеуметтік экономикалық дағдарысты құбылыстар, экологиялық және техногенді апаттар, мемлекет ішіндегі және жақын шетелдегі әлеуметтік, демографиялық, этникааралық мәселелер, қылмыс деңгейінің өсуі, есірткі саудасының ұлғаюы сияқты жаңаша қауіп қатерлермен қиындай түсті деуге болады.
Осының нәтижесінде 1998 жылы 26 маусымда қабылданған «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік туралы» Заңының орнына 2012 жылы 6 қаңтарда жаңа «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік туралы» Заңы қабылданды. Өкінішке орай, бұл заңның Қазақстанның ішкі саяси мәселелерінің шиеленісуінен кейін ғана қолға алынғандығы, жалпы қауіпсіздік жүйесінің толықтай қамтамасыз етілмегендігіне назар аудартады. Жаңа заңның қабылдануына соңғы уақыттағы қауіп қатерлердің көрініс табуы әсер етті.
Аталған екі заңды өзара салыстыратын болсақ, 1998 жылы 26 маусымда қабылданған «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік туралы» Заңында ұлттық қауіпсіздік «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі– елдің ұлттық мүдделерінің нақты және ықтимал қауіп-қатерлерден қорғалуының жай-күйі» делінсе, 2012 жылы 6 қаңтардағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік туралы» Заңында былай анықтама беріледі: «Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгi – адамның және азаматтың, қоғам мен мемлекеттің серпінді дамуын қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасы ұлттық мүдделерінiң нақты және ықтимал қауiп-қатерлерден қорғалуының жай-күйi». Бұл жердегі ерекшелік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің субъектілері нақтыланған. Бұл қатер төнген кездегі қауіптің бағытталу нысанын айқындауда маңызды.
Тұтастай алғанда қауіпсіздік жүйесіндегі төнетін қатерді алдын ала анықтаудың қажеттілігі басым. Аталған заңдарға жасалған сандық контент талдау бойынша ұлттық қауіпсіздік ұғымындағы маңызды келеседей айырмашылықтарды байқауға болады:
Негізгі ұғымдар | 1998ж. заң бойынша | 2013ж. заң бойынша |
Қауіп | 17 | 22 |
Қауіпсіздік | 143 | 168 |
Ұлттық қауіпсіздік | 94 | 107 |
Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету | 52 | 61 |
Ұлттық мүдде | 14 | 18 |
Бұның себебін бірнеше факторлардан байқауға болады. Ең алдымен, 1998 жыл қарсаңында және одан кейін орын алған оқиғалар Қытай Халық Республикасымен шекараны делимитациялау, 1998 жылғы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы мәңгілік достық пен серіктестік туралы декларацияның қабылдануы, «Қазақстан- 2030» бағдарламасының қабылдануы және өзге де оқиғалар қауіпсіздік саласында белгілі бір тұрақтылыққа қол жеткізуге мүмкіндік берді. Одан кейінгі уақытта 21 ғасырда әлемдік жағдай оның ішінде Қазақстанда жағдай күрделене түсті. Әлемдік тәртіптегі өзгерістер, ақпарат толқының жету жылдамдығының артуы, әлемдегі жүріп жатқан өзгерістер оның ішінде, Қырғызстандағы жағдайлар, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы «Араб көктемі», Еурозонадағы дағдарыс, біртұтас және тиімді аймақтық қауіпсіздік жүйесінің болмауы, аймақтық диспропорция нәтижесінде болуы мүмкін сепаратизм қаупі, Жаңаөзендегі және Маңғыстау облысындағы қарсылық қозғалыстары, Ақтөбедегі қылмыстық топ әрекеттері, жаңадан қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның қабылдануымен байланысты «Халифат солдаттары» радикалды исламдық тобы ұйымдастырған Атыраудағы, Тараздағы және Боралдайдағы террористік актілер жаңа 2012 жылғы заңның қабылдануына және ұлттық қауіпсіздік және қауіпсіздік мәселелеріне баса назар аударуға мәжбүрледі.
Экономикалық қауіпсіздік мемлекеттің жалпы ұлттық қауіпсіздік жүйесінің негізгі элементі болып табылады. 1998 жылы 26 маусымда қабылданған «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік туралы» Заңында экономикалық қауіпсіздік: «экономикалық қауіпсіздік – Қазақстан Республикасы ұлттық экономикасының тұрақты дамуы мен экономикалық тәуелсіздігіне қатер төндіретін ішкі және сыртқы жағдайлардан, процестер мен факторлардан қорғалуының жай-күйі» деп көрсетілсе, 2012 жылы 6 қаңтардағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік туралы» заңда «экономикалық қауiпсiздiк – экономиканың орнықты дамуы және оның тәуелді болмауы қамтамасыз етілетін, Қазақстан Республикасы ұлттық экономикасының нақты және ықтимал қауіп-қатерлерден қорғалуының жай-күйі» делінеді. Яғни қазіргі таңда Қазақстанның ұлттық экономикасының тәуелділігін болдырмау басты мәселе болып отыр, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мемлекетімізге инвестиция тарту маңызды болды. Бұл мәселе шешілгеннен кейін ендігі кезекте оның салдарымен күресу келесі орынға шықты, яғни экономикалық қауіпсіздік мәселесі арта түсті деп атауға болады. 1998 жылғы заңда экономикалық қауіпсіздік сөзі 4 рет, ал 2012 жылғы заңда 9 рет қайталанады. 1997- 1998 жылғы әлемдік қаржылық дағдарыс, 2000 жылғы еуразиялық экономикалық қауымдастық құру туралы декларацияның қабылдануы, жалпы экономикалық даму саласына басымдық беру экономикалық қауіпсіздікке, экономикалық мәселелерге назар аударуға итермеледі. Ал 2007-2010 жылдардағы әлемдік қаржылық дағдарыс, Қазақстандық өнеркәсіп салаларындағы өндіруші мен өңдеуші сала арасындағы диспропорция, аймақтардың әлеуметтік экономикалық дамуының диспропорциясы, халық кірісіндегі дифференциясының күшеюі экономикалық қауіпсіздікке одан әрі баса назар аудару керектігін көрсетті. Сонымен қатар, соңғы жылдары Қазақстанның экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері үнемі күрделене түсуде, экономикалық қауіпсіздіктің қауіп қатерлерінің орнына келесі одан да қиынырақ және күрделірек жағдайдың болуын байқауға болады.
Қазіргі уақытта Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігіне төнер қауіп-қатер деңгейі жоғары. Бұл, ең алдымен, Қазақстанның тұрақсыздығына қатері -дайын ақпараттық өнімннің импортына тәуелділігі. 20 ғасырдың аяғында ақпарат кеңістігін, ақпарат алмасуын 21 ғасырдағы ақпарат толқынымен, ақпараттың таралу деңгейімен салыстыруға келмейді. Оның көрінісін мынадан көруге болады: 1998 жылғы заңда «ақпараттық қауіпсіздік – мемлекеттік ақпараттық ресурстардың, сондай-ақ ақпарат саласында жеке адамның құқықтары мен қоғам мүдделері қорғалуының жай-күйі» деп көрсетілсе, 2012 жылғы заңда «ақпараттық қауiпсiздiк – елдің орнықты дамуы және ақпараттық тәуелсіздігі қамтамасыз етілетін, ақпарат саласындағы нақты және ықтимал қауіп-қатерлерден Қазақстан Республикасы ақпараттық кеңістігінің, сондай-ақ адамның және азаматтың құқықтары мен мүдделерiнің, қоғам мен мемлекеттің қорғалуының жай-күйі» деп көрсетіледі, сонымен қоса ақпараттық инфрақұрылым – ақпаратты қалыптастыру, жасау, өзгерту, өңдеу, беру, пайдалану және сақтау техникалық құралдары мен жүйелерінің жиынтығы; ақпараттық кеңістік – жеке және қоғамдық санаға, ақпараттық инфрақұрылым мен ақпараттың өзіне де ықпал ететін, ақпаратты қалыптастыруға, жасауға, өзгертуге, өңдеуге, беруге, пайдалануға, сақтауға байланысты қызмет саласы деген негізгі ұғымдармен толықтырылған. 1998 жылғы заңда ақпараттық қауіпсіздік ұғымының 2 рет, 2012 жылы 5 рет қайталанғандығы қазіргі уақытта ақпараттық қауіпсіздік қауіп- қатерлері күшейе түскендігін көрсетеді. Атап айтсақ жағымсыз қоғамдық ой қалыптастыруға бағытталған дезинформация, мемлекеттік, қорғаныс, банктік, коммерциялық басқару салаларындағы қолданылатын байланыс каналдарының әлсіз техникалық қорғалғандығы, ақпараттық, телекоммуникациялық технологиялардың төменгі сапасы, ақпараттық ресурстардың санының артуы және жаңа технологиялық мүмкіндіктердің пайда болуы, БАҚ арқылы мәдени және идеологиялық экспансияның күшеюі сияқты мәселердің көрініс табуы ақпараттық қауіпсіздікті күшейте түсуді міндеттейді. Ақпараттық тәуелділіктің бағыныштылығы одан әрі артып келеді. Соған қарамастан отандық БАҚ-тан тарайтын ақпарат ресурстарының жеткіліксіздігі және ондағы таратылымның көп бөлігін ресейлік ақпарат екендігін байқай аламыз.
Келесі кезекте, 21 ғасырдағы шешімін табуы қиын мәселелерге айналған терроризм мен экстремизм мәселесін қарастырсақ. 1998 жылғы заңда террор ұғымы 2 рет, экстремизм ұғымы 1 рет кездессе, 2012 жылғы заңда террор ұғымы 10 рет, экстремизм ұғымы 5 рет қайталанып отырғанын көруге болады. Бұның басты себебін АҚШ тағы 2001 жылғы 11 қыркүйектегі қайғылы оқиғадан кейінгі әлемдік деңгейдегі терроризммен күрестің басталуынан, осы оқиғадан кейінгі «жаңа әлемдік түсініктің» пайда болуы, Ауғанстандағы жағдайлардың шиеленісуі, ел оңтүстігіндегі және батысындағы радикалды ислам топтарының жұмысының күшеюі, Қазақстандағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның қабылдануымен байланысты «Халифат солдаттары» радикалды исламдық топ ұйымдастырған Атыраудағы, Тараздағы және Боралдайдағы террористік актілерден байқауға болады. Бұл мәселердің шешілуі мәселелерді қиындатуда аса өзекті. Сондықтан да бұл тарапта жаһандық қауіптер болғандықтан әлемнің ажырамас бөлігі ретінде Қазақстанды шет қалдырмайды.
Қорыта айтқанда, «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» жаңа заңы ұлттық қауіпсіздіктің тиімді тетіктерін қалыптастыруға бағытталған. Соған сәйкес қазіргі таңдағы ұлттық қауіпсіздіктің қатерлеріне төтеп бердуен гөрі оны алдын-алу аса маңызды болып табылады. Қауіпсіздік саласындағы басты өзгеріс орын алып отырған тәуекел мен дабылдардардың қауіп-қатерлерге айналуы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді күшейтуді байқатады. Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етілуі - жаһандық жаңа шынайылықтарға жедел бейімделуді және ішкі саяси тұрақтылықты күшейту негізгі басымдық ретінде алынуы міндет.
Пайдаланылған әдебиеттер
1.Қазақстан Республикасының «Ұлттық қауіпсіздік туралы заңы» 1998ж.
2. Қазақстан Республикасының «Ұлттық қауіпсіздік туралы заңы» 2012ж.
Дукеев Берікбол