Отандық зерттеу орталықтарының жас зерттеушілерге берер тағылымы
Көпэтносты Қазақстан халқының бірлігі жарасып, саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді нығайта отырып дамуы еліміздің өркендеуінің бірден-бір кепілі. Осыған байланысты елді ұйыстырып, бірлікке бастайтын этносаралық қатынасты саясаттанулық зерттеудің маңызы зор. Көпэтносты қоғамды біріктірудің теориялық негіздері мен тәжірибесін саяси талдаудың өзектілігі мен қажеттілігі осымен айқындалып отыр. Ұлт саясатында Қазақстанның қол жеткізген табыстары көп, шетелдер қазақстандық ұлт саясатының үлгісіне жоғары баға беруде. Сол сияқты, Қазақстан үшін де әлемнің түрлі елдеріндегі ұлт саясатын зерделеу, ғылыми тұжырымдамасын зерделеу, ел халқын ортақ идеяға ұйыстырудың озық тәжірибелері қызықтырады.
Этносаралық қатынасты зерттеудегі теориялық-концептуалды негіздерін зерттеу оның қиындықтары мен қайшылықтарын ашуға мүмкіндік береді. Соған байланысты, «Мемлекеттік басқару және қоғамдық қауіпсіздік” мамандығының магистранты ретінде жүргізген ғылыми-зерттеу жұмысымды өте өзекті және маңызды деп санаймын. Себебі, мемлекетіміздің ұлттық саясатының міндеті- елімізде тұратын барлық халықтар мен этностардың мүдделерін келісу, оларды дамыту үшін құқықтық және материалдық негізді қамтамасыз ету, олардың ерікті, тең құқылы және өзара тиімді ынтымақтастығына қол жеткізу болып табылады. Берілген ғылыми-зерттеу жұмысын зерделеуге мүмкіндік туғызып, бағыт-бағдар беруге тырысқан Қазақ Ұлттық Университеті, Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасына, оның жекелеген оқытушыларына алғысымды білдіргім келеді.
Арнайы тәжірибелерден өту арқылы, атап айтқанда: “Стратегия” әлеуметтік-саяси зерттеулер орталығында Қазақстан Республикасының этносаралық қатынасты саяси реттеуі бойынша жиналған ақпарат, деректер магистрлік диссертациямды жазуға өз үлесін тигізді. Сонымен қатар, пандемия талаптарына байланысты шетелдік тағылымдамадан өте алмасақ та, Отандық тағылымдамадан өту молырақ пайдасын тигізді деп белгілесем қателеспеспін. Қазақстан гуманитарлық-саяси конъюнктура орталығында жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстың негізінде магистрлік диссертацияның эмпирикалық бөлімі толықтырылды. Берілген орталықтың жүргізіп жатқан жұмыстарына көз жүгірту арқылы өзіміздің Отандық зерттеу институттарымыздың қаншалықты жоғары деңгейде еңбек етіп жатқандарына куә болып, елімізде тағылымдамадан өткеніме қуандым.
Орталық эксперттеріне, әсіресе Мархаббат Мешітбекұлына алғысымды білдіре отырып, алдағы уақытта Қазақстан саяси-гуманитарлық конъюнктура орталығымен тығыз байланыста болғым келетінін жеткізгім келеді.